Ораза мен ЭКСПО кезінде Астанада азық-түлік бағасы қалай құбылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың маусым айында астаналықтар азық-түлікке бағаның айтарлықтай өскенін сезінді. Мәселен, қырыққабат маусым айында мамырмен салыстырғанда бірден 17,9%, қызылша - 17%, картоп 12,4%, сәбіз 6,8%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Жалпы Қазақстан бойынша қырыққабат бағасы осы кезеңде 17,2%, ал қызылша 6,1% ғана қымбаттаған. Ескеретін жайт, мамыр айында да дәл осы көкөніс түрлеріне баға айтарлықтай өсіп, қырыққабат бір ай ішінде 8,4%, қызылша бағасы 6,6% артқан.
Ал ораза басталғаннан кейін және айт күндері ет өнімдерінің ішінен тек қой етінің бағасы ғана мамыр айымен салыстырғанда 3,6% өскен. Жаңа ауланған балық бағасы 3 пайызға өсті. Жалпы Қазақстан бойынша ет пен балық өнімдеріне баға соншалықты құбылған жоқ.
«ЭКСПО халықаралық көрмесі ресми ашылғаннан кейін Астана қаласында сәбіз бен қырыққабат бағасы жалпы Қазақстан бойынша орташа бағадан 7-8 % жоғары болды, ал картоп пен қызылша бағасы бірден 17-18%, қой еті 21,5% өскен», - делінген ақпаратта.
Маусым айының басында Астана әкімдігі азық-түлік бағасының өсуі ЭКСПО-мен байланысты емес екенін, өнімдердің маусымдық жетіспеушілігімен байланысты екенін мәлімдеген.
Ауыл шаруашылығы басқармасы мамыр айында бағаның пиязға (41,9%), картопқа (19,8%) және сәбізге (18,2%) айтарлықтай өскенін тіркеді. Бұл ретте саудагерлер де дәл осы өнімдерге бағаның өсуін маусымдық тапшылықпен байланыстырып отыр.