Оразада елорданың 2 мешітінде Құран қатым түсірілмейді, тек Тарауық намазы оқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оразада елорданың 2 мешітінде Құран қатым түсірілмейді, тек Тарауық намазы оқылады. Бұл туралы бүгін Әлжан ана мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай мәлім етті.
«Рамазан айы Ораза айы ғана емес, Рамазан айын Құран айы деп те айтады. Себебі, осы айда Құран кәрім түсірілген. Қадір түнінде Құранның алғашқы аяттары ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) түсіріле бастаған. Сондықтан, отыз күн Оразада Құран қатым түсіру салтқа айналған. Оразада Астананың әр мешітінде бұрын қатым оқылатын. Биыл бір ерекшелік - түннің қысқа, күннің ұзақ болуына байланысты қызметтегі адамдарға жеңілдік болсын деп, Астана қаласының екі мешітінде Құран қатым түсірілмейді, тек Тарауық намазы оқылады. Қатым отыз күн оразада Құранды бастан аяқ оқып шығу болып саналады», - деді деді ол.
Бас имамның атап өтуінше, Әлжан ана мешіті және Төлебай мешітінде Тарауық намазы қатымсыз оқылады.
«Тарауық намазы Рамазан айында оқылатын, 20 рәккаттан тұратын намаз. Биылғы Тарауық намазаның алғашқы күні 17 маусымнан басталады. 17 маусым күні құптан намазынан кейін Құранды жатқа білетін кісілер жамағатпен бірге Астананың алты мешітінде Тарауық намазын бастайды. Айтып өткенімдей, түн өте қысқа, күндіз қызметтегі кісілер үшін екі мешітті арнайы бөлдік. Яғни,ол кісілер аз уақыт ішіне Тарауық намазын ғана оқиды», - деді Е.Мұқатай.