Оразәлі Досбосыновты еске алуға арналған жас ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің концерт залында айтыс өнерінде алдаспандай жарқылдап, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған шынайы талант, жыр жампозы - Оразәлі Досбосыновты еске алу мақсатында ұйымдастырылған «Құлмамбеттің құлыны» атты жас ақындар айтысы өтті.

Оразәлі Досбосыновты еске алуға арналған жас ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды

Айтысты белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазы жүргізді.

Қазылар алқасының құрамында әдебиеттанушы, фольклорист, филолгоия ғылымдарының докторы, академик, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов , Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, белгілі жырау Бекболат Тілеухан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер, жыршы-термешілер одағының басшысы Жүрсін Ерман, айтыскер ақындар Маржан Есжанова, Балғынбек Имаш болды.

Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынға ақтөбелік Данияр Алдаберген мен елорда атынан шыққан Таңжарық Ержан ие болды. Олар 250 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал екінші орынды (150 мың теңге) талдықорғандық Аягөз Серікқызы мен қарағандылық Ботакөз Мұхиден алды. Үшінші орынды (100 мың теңге) тараздық Дархан Әбдіманат пен ОҚО атынан шыққан Дәурен Ысқақ иеленді.