Оразалы Досбосыновты еске түсіруге арналған айтыс өтеді
АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 2 қараша күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде университетаралық жас ақындар айтысы өткізіледі. «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға» деген атпен өтетін бұл сөз додасы айтыс өнерiнiң ақтаңгерi Оразалы Досбосыновты еске алуға арналып отыр.
Оразалы Жарылқасынұлы 1975 жылы 15 қарашада туып, Алматы облысы Райымбек ауданында өмірге келіп, 2004 жылдың 30 қазанында жол-көлік апатынан мезгілсіз көз жұмған еді.
Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегiн сақал жаппаған,
Сүйiнбаймын, Жамбылмын,
Таңжарықпын, Шарғынмын,
Басынан сөз аспаған!
Көдектен қалған бiр ұлмын,
Қаймықпай сөйлер патшадан.
Құлмамбеттен қалған құлынмын -
Халықтың өзi баптаған, - деп жырлаған О. Досбосынов 29 жыл өмір сүргенімен жасындай жарқылдап өтті. Ұлттық өнердің жанашырларының сүйіктісіне айналып, артында өшпес ізін қалдырған оның есімін ұлықтауды өзі білім алған Абай атындағы Қазақтың ұлттық педагогикалық университеті игілікті істің бастамашысы болып отыр. Бұл аламанға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің, Қ.Сәтпаев атындағы ұлттық техникалық университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, С.Демирел атындағы университеттің айтыскер студенттері қатыспақ.