Оразкүл Асанғазы жетісайлық қыз-келіншектермен кездесті
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Жетісай ауданында Қазақстан Республикасы Парламентінің экс-депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы қыз-келіншектермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тағлымды кездесуге аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков пен аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, ұстаздар мен колледж студенттері қатысты
Кездесудің негізгі тақырыбында қазақы салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиенің кешегісі, бүгіні, болашағы жайы қамтылды.
Тіл жанашыры нәзікжандыларды өмірде кездесетін қиындықтарға мойымай алға ұмтылуға, мақсатқа жетуде табандылық танытуға шақырды. Ұрпақтар сабақтастығын сақтап, отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған басқосуда Оразкүл Асанғазы бала тәрбиесіндегі негізгі ұстанымдар мен қағидаттар жайында айтып өтті. Тәлім-тәрбие тетіктері мен бағыт-бағдары, өнегелі, үлгілі отбасылар жайында жайында кеңінен әңгіме қозғады. Өмір жолы өнегеге толы көп балалы аналардың ақыл-кеңестері тыңдалып, ұсыныс-пікірлері айтылды.
«Біз бұл шараны ұйымдастыру арқылы отасының қадір-қасиетін арттырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауды мақсат еттік. Перзент алдындағы ата-ананың жауапкершілігін айқындап, ата-ана алдындағы перзенттердің міндетін ұғындырғымыз келді. Әрбір отбасы – тәуелсіз мемлекеттіміздің негізгі бөлшегі, құрамы екенін сезіндіруге тырыстық», – деді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жанұзақұлы.
Басқосу барысында қатысушылармен бала тәрбиесі мен отбасында, қызмет барысында кездесетін түрлі қиындықтарға байланысты жағдаятты сұрақтар қойылып, жауаптар алынды. Отбасының қадір-қасиетін арттырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауды мақсат еткен аталмыш шараның жастар үшін де, үлкендер үшін де маңызды екендігі айтылды.
Кездесуді ұйымдастырушылар қатысушылардың белсенділігіне шынайы алғыстарын білдірді.