Орбан Украина бойынша ЕО-ның 27 елі қабылдамақ болған декларацияны бұғаттады
АСТАНА. KAZINFORM — Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украина бойынша ЕО-ның 27 елі басшыларының бірлескен декларациясын қабылдауға тағы да кедергі келтірді. Бұл туралы Орбан 20 наурыз, бейсенбі күні Х әлеуметтік желісінде жазба қалдырды, деп хабарлайды Dw.com.
— Вето! Жетеді! Біз Украинасының ЕО-ға мүшелігі туралы мажар халқынан сұраймыз. Сол уақытқа дейін бұл мәселеге қатысты қандай да бір ортақ ұстанымды қолдай алмаймыз, — деп жазды Венгрия премьер-министрі.
❌ Veto! Enough is enough! We will ask the Hungarian people about the EU-membership of Ukraine. We cannot support any common position on this matter until then. pic.twitter.com/Mvlf7jKrI9
— Orbán Viktor (@PM_ViktorOrban) March 20, 2025
Декларацияны 26 ел қабылдады
Еуроодақ елдерінің 26 мемлекетінің басшылары жариялаған декларацияда Киевке қолдау білдіру айтылды, деп хабарлайды AFP агенттігі. Құжатта Украинаға шұғыл әскери және қорғаныс қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін күш-жігерді жеделдету қажеттігі атап өтілген.
Сондай-ақ, ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кайя Калластың Украинаға биыл 5 млрд еуро көлемінде артиллериялық оқ-дәрілер бөлу бастамасы туралы айтылды. Декларацияда Еуроодақтың Украинаның ЕО-ға мүшелікке өту жолындағы реформаларын қолдауды жалғастыратыны ерекше атап көрсетілді.
Украинаға әскери көмек пакеті
Бұған дейін Виктор Орбан Украинаға қатысты ЕО шешімдерін бірнеше рет бұғаттаған немесе кешіктірген болатын.
4 наурызда Politico басылымы Венгрия билігінің Украинаға 20 млрд еуро көлемінде әскери көмек көрсету туралы Еуроодақ шешімін қабылдауға кедергі келтіргенін хабарлады.
Бұл көмек пакеті туралы алғашқы мәлімет 21 ақпанда Politico-да жарияланып, ЕО дипломаттары Венгрияның қарсылығына байланысты бұл қаражат барлық одақ атынан емес, жеке мемлекеттер арқылы бөлінуі мүмкін екенін айтқан еді.
Бұған дейін Виктор Орбан ЕО басшылығына бірқатар талаптар қойған болатын.