«Ордабасы» футбол клубы жаңа бас бапкерді таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жаттықтырушы Кирилл Кекер «Ордабасы» футбол клубының тізгінін ұстады.
45 жастағы маман шымкенттік клубтың бұрынғы бас бапкері Александр Седневтің қызметінен кетуіне байланысты команданы жаттықтыруға шақырылды.
– Кекер клубпен келісімшартқа қол қойды және жақын арадағы жаттығуда командамен танысады. Бұған дейін ол «Қайрат» ФК-ның бас бапкері тізгінін ұстаған уақытта 76 кездесу өткізген. Кирилл Сергеевич, Шымкентке қош келдіңіз! – делінген клубтың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Кирилл Кекер 2022 жылғы маусымнан бастап «Қайрат» футбол клубының бас бапкері болды. Алматылық клубтың бас бапкері қызметінде 60 матч өткізген. Оның 29-ында жеңіске жетіп, 15 кездесуде тең түссе, 16 ойында қарсыластарына есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Кирилл Кекер қызметінен кеткенін хабарлаған болатынбыз.