Ордабасыда 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев өңірге жеке қаражатын салып, ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті инвесторлармен екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Алдағы уақытта, ауданда «Exclusive Story Montazh» компаниясының қорғасын зауытын құру жобасы арқылы 500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Инвестициялық құны 5 млрд теңгеге бағаланып отырған жоба арқасында өңірдегі жұмыссыз азаматтардың саны біршама азаймақ. Сонымен қатар, «ЮгСтройТехнология» компаниясының газ-бетон блоктарын шығару жобасы арқылы да тағы 80 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Инвестициялық құны 1,2 млрд теңге.
«Инвесторларды өңіріміздің дамуына ықпал етуге шақырамын. Келісім екі жаққа да тиімді болады деп сенемін. Аталған екі зауыт арқылы ауданымыздың 600-ге жуық тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Өңірге инвестициялық жобаларды тарту жұмыстары жалғасады»- деді Азат Оралбаев.
Бұдан бөлек, Ордабасы ауданы Бадам индустриалды аймағында құрылыс индустриясы саласында жаңа инвестициялық жобалардың құрылысы басталды. Атап айтар болсақ, «Бадам» индустриялды аймағында «Bereke Kaz-Enginerig» компаниясының темір-бетон конструкцияларын шығару зауытының құрылыс монтаждау жұмыстары іске қосылды. Жобаның инвестициялық құны 1млрд. 500 млн. теңгені. құрайды, ал өндірістік қуаты жылына 20 мың текше метр. Жоба толықтай іске асқан кезде 44 адамды жұмыспен қамтылатын болады.
Ал, «Steel Frame» компаниясының металл өнімдерін өндіру жобасының құны 300 млн. теңге. Негізгі қондырғы жабдықтары Қытай технологиясы. Өдірісттік қуаты жылына 1000 тоннаны құрайтын жоба іске қосылған уақытта 25 адам жұмыспен қамтылады.
«RZN» автоклабталған газоблок бұйымдарын өндіру жобасының инвестициялық құны 1 млрд. 500 млн. теңгені құрайды. Негізгі қондырғы жабдықтары Қытай технологиясы. Ол табиғи материалдардан су және кеуекті түзетін қоспаларды қосып, кейіннен автоклавтарда шикізатты термиялық өңдеуден өткізеді. Жоба іске қосылған уақытта 25 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Жалпы аталған зауыттар іске қосылған кезде 100-ге тарта адам жұмыспен қамтылатын болады.