Ордабасы ауданында Арыс-Шымкент бағытындағы көпірді су шайып кетті

ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Ордабасы ауданы аумағында Арыс-Шымкент бағытындағы көпірді су шайып кетті. Бұл туралы Арыс қаласының әкімдігі ресми түрде хабарлап, жүргізушілерге бұл жолдың жабылғанын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ордабасы ауданында Арыс-Шымкент бағытындағы көпірді су шайып кетті

«Арыс қаласы мен көршілес Ордабасы ауданы Қараспан (Обручевка) ауылындағы Бадам өзенінің үстінен салынған уақытша көпірді су басты. Арыс-Шымкент бағытындағы жолдың үстіндегі көпірді су басуынан барлық көлік қозғалысы шектелді. Аталған себептерге байланысты Арыс-Шымкент бағытындағы көліктердің өту мүмкіндігі жоқ екендігін назарларыңызға жеткіземіз. Шымкент қаласына шұғыл түрде баратын арнайы рұқсаты бар көлік жүргізушілерінің назарына, Монтайтас-Бадам-Шымкент бағытымен жүру ұсынылады», делінген Арыс қаласы әкімінің хабарламасында.

Айта кетейік, күні кеше қатты нөсер жауыннан Қасқасу өзені арнасынан асып кеткен болатын. Салдарынан Төлеби ауданындағы 4 көпірді де су шайып, Жоғары Қасқасу ауылының ішкі жолдары жабылып қалған еді.