Ордабасы ауданында туғанда қыз болып, кейін ұлға айналған балаға ота жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында сирек кездесетін гермафродитизм диагнозымен туған Айсүндет Әуезхан атты 3 жасар балаға шұғыл түрде операция жасалуы қажет болып отыр.

Ордабасы ауданында туғанда қыз болып, кейін ұлға айналған балаға ота жасалады

Операциядан соң оның ата-анасы туған мекендерін біржола тастап көшуге міндеттеліп отыр.

«ҚазАқпарат» тілшісімен әңгімелескен Айсүндеттің анасының  айтуынша, бала туа сала дәрігерлер оған қыздың құжатын берген. 

«Айсүндет 2013 жылдың 19 сәуірінде дүниеге келді. Жүктілігімнің үш айында өзім тұратын Темірлан ауылының дәрігерлері мен аудан дәрігерлері аборт жасатуға келісімімді сұрады. Мен келісім берген жоқпын. Олардың айтуынша, баланың жүрегінде кінәрат табылған. Бірақ, бір айлық кезінде Астанадағы «Ана мен бала» орталығына барып қаралдым. Ондағы мамандар баланың сау екенін, ай-күніме жеткенде босануға болатынын айтты. Әйтсе де, ауылға келгеннен кейін дәрігерлер мені баладан арылуға көндірді... Жүктілігімнің жеті айында Шымкент қаласындағы №1 перинаталды орталық дәрігерлері екпе арқылы мені босандырды.

Өкінішке қарай, баланың жынысы анық білінбеді, ал қалған денсаулығында еш кінәрат болған емес. Не ұл, не қыз екенін біле алмаған дәрігерлер қыздың құжатын беріп, ауруханадан шығарып салды»,-дейді Сәуле.

Баланың алғашқы аты Айару және ол жынысы қыз деген құжат алады. Бір жасқа толғанда оны Алматыдағы мамандарға көрсеткен ана оның ұл бала екеніне көзі жетеді. Анасы баласын бір жасқа толғанша ешкімге көрсетпеген.

«Бір жасқа толғаннан кейін аймақтық дәрігерлер бізді Алматы қаласында орналасқан Асфендияров атындағы орталықтың жоғары білікті уролог дәрігерлеріне жіберді. Орталық дәрігерлері «бала ұл, бірақ метіркесі қыздікі. Операция жасау үшін алдымен баланың құжатын ауыстыру керек» деді. Балама «екіжақты крипторхизм, шаптың бөгелуі. Жыныс мүшесі мен аталық жұмыртқаның гипоплазиясы. Гопоспадия. Жалған гермофратидизмнің ұма түрі» деген диагноз қойылды. Дәрігерлер бұндай диагнозы бар балаға операция жасап көрмегендерін, алғаш рет менің балама жасап, отаның бір жағынан тәжірибе болатынын айтты. Операциядан кейін баланың жағдайы жақсаратынына кепіл бола алмады. Мен әрине, операциядан бас тарттым. Себебі,  баламның тәжірибе үшін пышаққа түсіп, бұрын жасалмаған, нәтижесі қалай болатыны белгісіз операцияға кіргенін қаламадым»,-дейді анасы.

Бұл оқиғадан кейін Сәуле баланың туу туралы куәлігін сот арқылы ауыстырып, ұлына Айсүндет деп есім қойған. Одан соң Айсүндеттің анасы интернет арқылы осындай диагнозы бар балаларға сәтті ота жасап жүрген араб хирургы  Мадар Асадпен байланысады.

«Бұл - мың баланың бірінен ғана табылатын ауру екен. Интернеттен Мәскеуде жұмыс істейтін уролог-хирург Мадар Асадты таптық. Мадар Асад бұрын баланың жынысын қалпына келтіретін операция жасап, одан бала аман қалған екен. Оған хат жолдадық. Қазақстанның балаларын қабылдайтын кезегі 2018 жыл екен. 2018 жылға дейін қанша қаражат керек болса, соны жинап барамыз деп жоспарладық. Бірақ, біздің баламыздың жағдайында бүкіл қажетті операциялар төрт жасқа дейін толық аяқталуы керек екен. Сондықтан қайта хабарласып, онда дәрігер Алматыда осындай төртінші операция жүргізгелі жатқанын айтты. «ДостарМед» атты клиниканың шақыруымен Алматыға келетін уақытын айтты. Біз дәрігердің қаралуына жазылдық. Консультациясы 200 мың теңге екен. Жолдасым бір кісінің саудасымен айналысады. Төрт баламыз бар. Пәтер жалдап тұрамыз. Әйтеуір әупірімдеп жүріп 200 мың қаражат тауып, консультациясын алдық. Орыс тілін дұрыс түсінбеймін, дәрігер де шетелдік, сонымен, оның жазуы бойынша операция 350 мың теңге шығады екен. Осыны естіген мен  күйеуіме қуанышты хабарды жеткіздім. Ол қажетті қаржыны табатынын айтып, балаға операция жасаумен байланысты жұмыстар басталып кетті. Операция сәтті аяқталғаннан кейін, дәрігер келді. Операция құны 350 мың теңге емес, 3 млн 100 мың теңге болады екен. Асфендияров атындағы орталық үш операция арқылы жасаймыз деген емді бір операцияға сыйдырды. Яғни, қуықтың үстінде тұрған жұмыртқаны түсіріп, қалта жасады. Енді соңғы операция  несеп жолы бөлінетін органын орнына апару керек. Ол операцияны жасату үшін Аружан Саинның қайырымдылық қорынан көмек сұрадық. Қайырымдылық қоры көмектесуге дайын, тек біздің облыстық дәрігерлері «Қазақстанда бұндай операция жасалмайды» деген анықтама беруден бас тартып отыр.

Олардың айтуынша, Асфендияров атындағы орталық бұл операцияны тегін жасап бере алады. Бірақ, мен  бұрын бұндай операция жасап көрмеген дәрігерлерге сене алмай отырмын. Енді өз қаражатымызға емдету үшін қаржы керек»,-дейді Сәуле.

Айта кетейік, Айсүндеттің ата-анасы алдыңғы операцияның құнын толық төлеу үшін  Қазақстан халқынан көмек сұрайды.

«Халық банк» АҚ-нан ашылған шот: KZ 926010002008011093

Картаның номері: 4390478254278384

«Казкомерцбанк» АҚ-нан ашылған шот: KZ 85926004PN02027498. Карта номері:4003032718310442