"Ордабасы" футбол клубы Анталияда Ахмат Қадыров кубогы халықаралық турнирге қатысуда
АЛМАТЫ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Түркияның Анталия қаласында футболдан Чечен Республикасының Тұңғыш Президенті, Ресей Батыры Ахмат Қадыровтың кубогы үшін халықаралық турнир басталады.
Онда "А" тобындағы ойындар Грозныйдың "Терек" пен Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубтары арасындағы кездесумен ашылмақ. Бұл ойын "НТВ Плюс Наш футбол" және "Грозный" телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі деп жоспарлануда.
Қазақстан аяқдопшылары А.Қадыровты еске түсіруге арналған бұл бәсекеде топтық кезеңдегі келесі қарсыласы 30 қаңтарда Румынияның "Рапид", ал 1 ақпанда Латвияның "Даугава" командалары болады. Бұл сайыста шымкенттіктер үздік шықса, 3 ақпанда екінші топтың жеңімпазымен ақтық сында кездесетін болады. "Б" тобында Харковтың «Металлист», Бакудың «Нефтчи», Варшаваның «Полония» және Тәшкенттің «Пахтакор» командалары өнер көрсетпек. 27 желтоқсандағы жеребе бойынша турнир Полония" мен "Пахтакор" арасындағы ойынмен басталады.