«Ордабасы» командасы босниялық футболшылармен бақ сынасады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің «Ордабасы» командасы Боснияның «Широки Бриек» командасының футболшыларымен күш сынасатын болды. Бұл туралы Швейцарияда өткен футболдан Еуропа лигасында өнер көрсететін командалар арасында жеребе тартылу барысында мәлім болды. Күнгейлік команданың алғашқы ойыны Шымкентте өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.



Сонымен футболдан Еуропа лигасында Қазақстанның үш командасы өнер көрсетеді. Алматының «Қайрат» командасының футболшылары Литваның «Атлантасымен» сынға түссе, Павлодардың «Ертісі» Болгарияның «Дунай» команасының футболшыларымен жарысады. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының намысын Еуропа лигасында қорғайтын «Ордабасы» командасы Боснияның «Широки Бриек» командасымен жасыл алаңға шықпақ.

Ордабасылықтардың қарсыласы өте мықты болып тұр. Босниялық команда өз елдерінің екі дүркін чемпионы, үш дүркін кубок жеңімпазы атанған. Әйтсе де, «Ордабасы» командасының көсіле шабуына өз алаңы кедергі болуы мүмкін. Өйткені, Қажымұқан атындағы орталық стадион жарықтың болмауына байланысты кешкі уақытта жұмыс істемейтін. Кейбір шенділердің кесірінен бөлінген қаржы да игерілмей отыр. Осының салдарынан жанкүйерлер ойындарды ешбір талаптарға сай емес, тіпті арнайы көліктерге арналған тұрағы да, жарығы да жоқ «БИІК» стадионында көруге мәжбүр болуда.



Бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, Еуропаның лига ойындары Тараз немесе Алматы қаласында өтуі мүмкін. Жанкүйері, қолдаушысы жоқ команданың жеңіске жетуі де қиын болар, сірә. Қалай болғанда да «Ордабасы» алғашқы кездесуін 29 маусым күні өз алаңында өткізеді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар