«Ордабасы» өз алаңында тағы да жеңіске жетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің «Ордабасы» футбол командасы өз алаңында тағы да жеңіске жетті. Қазақстан премьер- лигасының төртінші турында  күнгейлік аяқдопшылар Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын 2:1 есебімен ұтты.

«Ордабасы» өз алаңында тағы да жеңіске жетті

Бірінші таймда қонақтардың жолы болып, 45-ші минутта Максим Федин есепті ашты. Үзілістен соң алаң иелері жанкүйерлердің алдында намысқа тырысты. Нәтижесінде «Оқжетпес» командасы қақпасына доп салудың бірнеше мүмкіндіктері болды. Араға 2 минут салып, Таңат Нөсербаев есепті теңестірді. Бұл гол Алексей Петрушин шәкірттерінің жеңіске деген сенімін арттырды. Ойынның 69-шы минутында Никита Бочаровтың жойқын соққысын «Оқжетпес» қақпашысы қайтаруда қателікке бой алдырды.

«Бірінші таймда ойыншыларымыздың жолы болмады. Үзілістен соң жанкүйерлеріміздің алдында намысқа тырысып, жеңіске жеттік. Футболшыларымыз тамаша ойын көрсетті. Алдағы матчтарымызда да осындай ойын көрсетеміз деп сенім артамын»,-  деді «Ордабасы» футбол командасының бас бапкері Алексей Петрушин.

Қалған минуттарда қос команда бірнеше шабуыл жасағанымен, нәтижелі болмады. Осылайша «Ордабасы» футбол командасы жеңіске жетіп, ұпайлар санын 10-ға жеткізді.

«Ордабасы» футболшылары мүмкіндікті пайдаланып, үш ұпай иесіне айналды. Бірінші таймда шәкірттерім ойдағыдай ойын көрсетті. Бірақ екінші таймда қарымта шабуылдарды жіберіп алдық»,- деді «Оқжетпес» футбол командасының бас бапкері Владимир Муханов.

Қазір күнгейлік команды турнилік тізімде бірінші болып тұр. Енді жеңімпаз команда 4 сәуірде Қостанайда «Тобылмен» ойнайтын болады.