Ордабасыда ойнап жүріп адасып қалған 4 жасар бүлдіршін табылды
ТЕМІРЛАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жоғалған 4 жасар бүлдіршін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, ұлынан көз жазып қалғанын айтқан. Аудан сақшылары тез арада арнайы топ құрып, бүлдіршінді іздеуге аттанды. Тұрғындар арасында іздеу жүргізіп, көрген-білгендерден сұрастырады. Осылайша шұғыл жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде бала санаулы сағаттар ішінде табылды.
«Кейін белгілі болғандай, бүлдіршін аулаға ойнауға шыққан. Әкесі жұмыста, анасы үй шаруасымен айналысып жатқанда ойнап жүрген 4 жасар бала өзге балаларға еріп кетіп, ақыр соңында адасып қалған. Көмекке дер кезінде келген сақшылар баланы аман-есен тауып, үйіне жеткізді. Баласынан көз жазып қалған ата-ана тәртіп сақшыларына алғыс айтты» делінген хабарламада.
«Ұлым көршілердің балаларымен ойнап жүргендіктен еш алаңдамадым. Ас даяр болғанда шақырайын деп шықсам, балам да жоқ, көршілердің балары да көрінбейді. Не істерімді білмей бірінші әкесіне хабарластым, ол жұмыстан тез арада келіп, екеулеп іздедік. Күн батып келе жатқан соң бірнәрсеге ұшырап қала ма деп қатты алаңдадық. Содан ақылдаса келе полицейлерге хабарласып, көмек сұрадық. Ұлым 4 жаста болғандықтан тілі әлі толық шықпаған. Сөйлей алғанымен, тілі шала, кез келген адам түсіне бермейді. Оның үстіне үйдің мекенжайын да білмейді. Аяқ астынан баламнан көз жазып қалып, қан жұтып өз-өзімді кінәлаған едім. Қараңғы түсем дегенше ұлымды аман-есен қолыма тапсырған полиция инспекторы, аға лейтенант Сәкен Сайлановқа аналық жүрегіммен алғысымды айтамын», - дейді ана.
Жалпы, жаз мезгілінде балалар жиі жоғалады. Демалыс кезі болғандықтан серуендеуге, суға шомылуға немесе үйіне айтпай туыстарының үйіне кетіп қалатын жасөспірімдер саны артады. Ал, бүлдіршіндердің басым бөлігі ойнауға шығып немесе ата-анасымен қыдырып жүріп адасып қалуы мүмкін.