Ордабасыдағы төбелес - бір оқушы жансақтау бөлімінде жатыр - ОҚО (ФОТО)
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Ордабасы ауданының орталығындағы оқушылар төбелесі мектепте болған. Тапа-тал түсте сыныпта ерегісіп қалған жасөспірімдердің бірі жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты.
Дәрігерлер оған бірден ота жасады, деп хабарлайды otyrar.kz.
Жоғарғы сынып оқушыларының арасындағы кикілжің мектептің екінші қабатындағы сабақ өтетін бөлмеде болған. 11-ші сынып шәкірті 10-шы сынып оқитын балаға жұдырық жұмсап, аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарған. Бірақ текетірес барысы білім ұясындағы бейнекамералардың бірде-біріне жазылмапты. Ал директор болса, аты дардай гимназияда тосын оқиға болғанына әлі де аң-таң.
«Енді оны өзімізде білмей отырмыз. Осы уақытқа дейін біздің гимназиядан мұндай оқиға тіркелмеген. Бала қазір ауруханада. Ал жалпы мұнымен ішкі істер бөлімі айналысып жатыр»,-дейді «Кәусар» гимназиясының директоры Шолпан Шәдіқожа.
Мектеп басшысының айтуынша, 11-ші «б» сынып оқушысының бұрын бұндай бұзықтығы болмаған. Ал жәбірленуші шәкірттің үлгерімі тіпті жақсы екен. Мұны сыныптағы топ басшылары да растап отыр.
Төбелестен кейін өзін ауыр сезінген шәкірт ақыры түнге таяу аураханадан бір-ақ шыққан. Қазір жәбірленуші оқушының жансақтау бөлімінде жатқанына бүгін осымен екінші тәулік. Жасөспірімге дәрігерлер бірден ота жасапты.
«Операция жасаған кезде ішінен жарылған экинококты көрдік. Оны ота жасап, алып тастадық»,-дейді Ордабасы аудандық ауруханасының дәрігер хирургі Ибрагим Саниязов.
Қазір осы оқыс оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірақ әзірге текетірестің неден шыққаны белгісіз.