«Ордабасының» легионер ойыншысын үй күтушісі тонап кетті
ШЫМКЕНТ.ҚазАқпарат- Шымкенте «Ордабасы командасының легионер ойыншысын үй күтушісі тонап кетті. Сұғанақ әйел Пабло Фонтанельоның жұбайының бар алтын әшекейлерін ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген. Бұл туралы Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Маратәлі Бекназаров мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Белгілі болғандай, 33 жастағы аргентиналық шабуылшы отбасымен пәтер жалдап тұрған. Үй шаруасына қарайласу үшін күтуші жалдапты. Бірақ кейіннен үйден алтын әшекейлер ұрланғаны анықталған. Шетелдік спортшы жергілікті полицияға арызданған. Шұғыл іздестіру шаралары барысында үй күтушісі ұсталады. Істі қараған Әл-Фараби аудандық сотында төрт баланың анасы жасаған қылмысын мойындаған.
«Сот отырысы кезінде айыпталушы әйелі ұрлағанын мойындап, алтын әшекейлерді әкеліп берді. Ол барлық бағалы заттарды ломбардтардың біріне өткізіп жіберіпті. Іс насырға шапқан соң ақшасын төлеп, қайтарып алған. Сот отырысы кезінде ұрланған заттар жәбірленушіге толықтай қайтарылды. Бұйымдары табылған шетелдіктер айыпталушы әйелге кешірім берді. Тараптар ортақ келісімге келген соң, медиация тәртібі бойынша іс қысқартылды», - дейді Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы.