Өрескел заң бұзушылықтардың болмауы сайлаудың ашық әрі заңды өтіп жатқанын білдіреді - Бас прокуратура
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өрескел заң бұзушылықтардың болмауы сайлаудың ашық әрі заңды өтіп жатқанын білдіреді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, прокуратура органдары сайлау заңнамасының бұзылу фактілері бойынша бұған дейін айтылғандардан өзге қадағалау актілерін енгізген жоқ.
«Дауыс берілетін күннің алдындағы кезеңде Парламент Мәжілісі сайлауы бойынша прокуратура органдарына 3 өтініш келіп түсті. Мәселен, азаматша Валентина Безрукова өзін өзі ұсынып, Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркелгісі келетінін айтып, одан бас тартқан сайлау комиссиясына шағым жасады. Прокуратура органдары ол азаматқа Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тек саяси партиялардың тізімімен ұсынылатынын түсіндірді. Жалпы, сайлау заңнамасын өрескел бұзу оқиғаларының болмауы, біздің пікірімізше, сайлау процесі барынша ашық және заңды өтіп жатқандығын білдіреді», - деді Н.Сүйіндіков.