Өріктау кен орынынан алғаш рет мұнай және газ алынды
АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Өріктау кен орынындағы У-1 барлау ұңғымасының КТ-2 карбонат қабатынан алғаш рет мұнай және газ алынғандығы туралы хабарлады.
- Мұндай жетістікке сейсмикалық барлау жұмыстарының инновациялық, ұңғымаларды бұрғылау және сандық бассейндік үлгілеу әдістерін қолданудың арқасында қол жеткізілді, деп атап көрсетті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин. КТ-2 бойынша біз ашқан болашағы зор нысандарға байланысты шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілмейді, барлау жұмыстарын тек «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ атқарады, деп атап өтті Қ.Қабылдин.
Өріктау мұнай-газ кен орыны Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысының аумағында, Ақтөбе қаласының оңтүстігінен 215 шақырым жерде орналасқан.
2008 жылғы 5 желтоқсандағы №2882 жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарттың шеңберінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Өріктау кен орнында көмірсутегілерін барлау және өндіру, сонымен бірге 3D сейсмикалық барлау және ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын жүргізуде.
Жүргізілген сейсмикалық барлау жұмыстарының және У-1 барлау ұңғымасын бұрғылаудың нәтижелері бойынша Өріктау құрылымы алаңының кеңейгендігі байқалады, сонымен қатар КТ-2 карбонатты түзілімдердің болашағының зор екендігі дәлелденіп отыр.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мамандарының алдын-ала бағалауына қарағанда, КТ-2 көмірсутегілерінің перспективалы геологиялық қорлары 200 млн. тоннадан астам болып отыр.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2011 жылы тағы да 4 000 метрлік жобалық тереңдіктегі 2 (У-2 и У-3) барлау ұңғымаларын бұрғылауды жоспарлап отыр.