«Өркен» АҚ қызметкерлері қызылағаштық азаматтарға көмек қорына біркүндік еңбекақыларын аударды

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Бүгін «Өркен» АҚ ұжымының қызметкерлері Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек қорына біркүндік еңбекақыларын аудару туралы шешім қабылдады.

«Өркен» АҚ қызметкерлері қызылағаштық азаматтарға көмек қорына біркүндік еңбекақыларын аударды

Бұл ақпаратты аталған мекеменің баспасөз қызметі таратып отыр.

«Алматы облысында орын алған қайғылы оқиғаны әрбіріміз сезінген шығармыз. Су тасқынынан үйлердің қирауы, бірнеше ондаған адамның, әсіресе балалардың қаза болуы туралы хабар ешкімді бейжай қалдырмады. «Өркен» АҚ ұжымының қызметкерлері Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек қорына біркүндік еңбекақыларын аудару туралы шешімді бірауыздан қабылдады», делінген баспасөз баянында.

Сонымен қатар баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, Астана, Семей және Көшетау қалаларындағы Тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектептерінің ұжымдары да біркүндік еңбекақыларын аударуға дайын екендігін жеткізген. Ұйымға қарасты мекемелерді қосқанда қызметкерлер саны 407 адамды құрайды.

«Бұл қаражат көп емес, дегенмен бұл біздің апаттан зардап шеккендер үшін көмегіміз. Біз сіздердің қайғыларыңызды бөлісеміз, сіздердің қайғы-қасіреттеріңіз бізге түсінікті. Бекем болыңыздар! Сіздерге күш-қайрат тілейміз!», делінген хабарламада.