Өркен Азаматұлын қасақана өлтіргендердің апелляциялық шағымы қаралды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық сотында 11 жастағы Өркен Азаматұлын қасақана өлтіргендердің апелляциялық шағымы қаралды. Сотталғандар үкіммен келіспей қайта арызданған болатын. Бірақ сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Өркен Азаматұлын қасақана өлтіргендердің апелляциялық шағымы қаралды

Талдықорғанда өткен сот отырысына Өркен Азаматұлының анасы Айжан Қыдырмолданова мен апасы келді. Ал сотталушылар тарапынан бірде-бір адам төбе көрсетпеді. Тек оларды ақтап шығуға үміттенген қорғаушылар ғана жүрді. Жәбірленуші тарап өзгеріссіз қалған үкіммен келісеміз деп отыр.

«Ұлымды қасақана, азаптап өлтіргендер өмір бойы темір торға қамалса деп едім. Бірақ, заң бойынша оған мүмкіндік жоқ екен. Сондықтан апелляциялық соттың шешімімен келісем», дейді Өркеннің анасы.

Естеріңізге сала кетейік, 26 мамырда Өркен Азаматұлын өлтірген бес адам сотталған болатын. 11 жастағы баланы өлтіруге тапсырыс берген Өркеннің өгей шешесі Шәрипа Ақбердиева- 25, ұлы Темір Ақбердиев - 23, қызы Айдана Ақбердиева - 16 жылға сотталды. Ал Кадыржан Гулямов 12 жылға, Руслан Муталиев 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Баланы буындырып, пышақтап өлтіргендер 21 қаңтарда қолға түсті. Ал Өркен Азаматұлының жоғалғандығы жөнінде 19 қаңтар күні апасы полицияға хабарлаған еді. Баланың денесі Алматыдағы Наурызбай ауданындағы саяжайлардың бірінен табылды.