Өркендеу бар жерде рух көтеріледі - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 16 шілде, сенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Өркендеу бар жерде рух көтеріледі - республикалық басылымдарға шолу

Өткен жартыжылдықта кәсіпкерлерге заңсыз тағайындалған мың жарым тексеруге тосқауыл қойылды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті «Құқық қорғау ерекше назарда» атты мақаласында.

Соңғы 6 ай ішінде кәсіпкерлерге қатысты 378 заңсыз тексеру анықталды. Соған байланысты 800-ден астам адам тәртіптік, 147-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 6 лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл Бас прокуратураның алқа мәжілісінен келтірілген мәліметтер.

Еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен өткен жиында, прокуратураның халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмыстарына да бірсыдырғы шолу жасалған. Мәселен, Бас прокуратура шет мемлекеттер іздестіріп жатқан 56 адамды беру туралы шешім қабылдаған. Ал осы уақыт аралығында Қазақстан аумағына шет елдерден 30 адам экстрадицияланған.

Сонымен қатар газеттің бүгінгі санында Еуропаның футбол алаңдарында ойнап жүрген жалғыз қазақ Мұрат Өналмен сұхбат жарияланып отыр. Қазір 24 жасар жігіт Голландияның «Волендам» командасының шабуыл шебінде өнер көрсетіп жүр. 17 жасында жастар арасында үздік шабуылшы атанған ол, Бельгияның ең мықты клубтарының бірі «Брюгге» командасында ойнап үлгерген. Кезінде Қазақстан құрамасының бұрыңғы бас бапкері Арно Пайперстен шақырту да алыпты. Алайда ол кезде Қазақстанға жолы түспепті.

«Беранектен шақыру алсаң, құрамада ойнар ма едің» деген сауалға М. Өнал: «Әр қазақ баласы үшін бұл үлкен мақтаныш. Әрине, Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағым келеді!», - деп жауап қайырды. Голландияда доп теуіп жүрген қазақ жігіті туралы «Қазақстан құрамасында ойнағым келеді» деген материалдан оқи аласыздар.

«Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжам институтының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарында ауыл тұрғындары соңғы он жылда жиырма пайызға дейін қысқарған. Тек Қызылжарда тұрғындары көшіп кеткен 59 ауыл картадан сызылып тасталды», - деп жазады «Алаш айнасы» бүгінгі нөмірінде.

«Солтүстіктің ауылдары картадан сызылып жатыр» атты мақалада аймақтың урбанизациялық процестердің себептері сараланып, жойылып бара жатқан ауылдарды сақтап қалу мүмкін бе деген сауалға тоқталады.

«Айқынның» сенбідегі нөмірінде «Өркендеу бар жерде рух көтеріледі» атты мақала басылды. Онда ресми Астана елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші жартыжылдықтағы қорытындысын шығарғаны туралы мәлім етілген.

Материалда атап көрсетілгеніндей, Қазақстан халқы 0,6 пайызға өсіп, 16,5 млн. адамға жеткен. Ал отандық өнеркәсіп биылғы жартыжылдықта 7 триллион 676,5 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Қазақстандағы кәсіпорындардың капиталына 1 триллион 869,5 миллиард теңге инвестиция құйылыпты. Елдің сыртқы сауда айналымы 48 млрд. теңгеден асып жығылған.

«Ана тілі» апталық басылымы «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты жинақтың жарыққа шыққанын жария етті. Аталмыш кітапты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Мемлекеттік тілді дамытудың президенттік қоры» бірлесіп әзірлеген.

«Кітапты шығарудағы басты мақсат - Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаевтың мемлекеттік тіл саясатын қолдау жолындағы қажырлы еңбегі мен ірі бастамаларын бір арнаға тоғыстру», - делінген жинақпен аттас «Елбасы және мемлекеттік тіл» материалында.

Қазақстанның ғарыштық мониторинг жүйесі әлемдегі ең мықты ұлттық жүйелердің бірі, деп хабарлайды «Казахстанская правда» газеті «Увидеть и среагировать» деп аталатын мақаласында.

Ғарыштық мониторинг және қашықтықтан зондтау жүйелерінсіз қазіргі заманғы экономиканы елестету мүмкін емес шығар. Үлкен аумақты қамтып, оны басқарудың өзі тым қиынға түседі. «Әлемде 93 мемлекетте өз спутнигі бар. Алайда оның ішінен тек 9 ұлттық ғарыштық бақылау жүйесінің даму деңгейі ерекше атап көрсетіледі. Олар Қазақстан, Бразилия, АҚШ, ЕО, Австралия, Аргентина, Ресей, Қытай, Индия», - делінген мақалада.