«Өркендеуге қадам басқан өңірде оң өзгеріс көп» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 14-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен барып, облыстағы индустриялық-инновациялық жобалардың іске асырылу барысымен, партиялық оқудың жай-күйімен танысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Өркендеуге қадам басқан өңірде оң өзгеріс көп» деген тақырыппен басылған мақаласында. Өңірдегі бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен жіті танысқан Елбасы «Нұр Отан» ХДП Жоғары партия мектебінің Ақтөбе аймақтық орталығына ат басын тіреген. Кездесуде сөз алған Мемлекет басшысы «Елмен және халықпен жұмыс істеу демократиялық елде оңай емес, басқалар қалай жұмыс істеу керек екенін білуіміз керек, жаңа саяси технологияларды үйренуіміз қажет. Жалпы, партияда жұмыс істеп жүрген кадрлардың, оның ішінде бастауыш ұйымдар төрағаларының дәрежесі биік болмаса халықпен жұмыс істеу қиын. Қандай мәселеге де халықтың мүддесінен келу керек», депті.

Егер көзі тірі болғанда биылғы 24 желтоқсанда Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы 100 жасқа толған болар еді. Елдің елдігі мен ердің ерлігін алты алаштан да әрі асырып мақтаныш етер осы халықтық іс-шараның қам-қарекетіне бүгінде батыр өмірге келген облыс жұртшылығы үлкен дайындық үстінде. Ол, әлбетте, алдын-ала бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Дегенмен, халықта "тойдың болғанынан, боладысы қызық" деген сөз бар. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті оқырман назарына облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевпен аты аңызға айналған батыр мерейтойы алдындағы сұхбатты ұсынып отыр. Екеуара әңгіме «Баукең жұлдызды болған күн - халықтың жұлдызы жанған күні» деген тақырыппен берілген.

«Биылғы жылдың бірінші жартысында Қазақстан экономикасы өсудің қарымды қарқынына қол жеткізді. Енді елдің ішкі жалпы өнімі 2008 жылдың басындағы деңгейіне жетуі үшін, сыртқы әсерлер қазіргідей қолайлы болып тұра берсе, осыған дейін Үкімет болжап келгеннен де аз уақыт керек екен», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Статистика агенттігінің жедел мәліметтеріне қарағанда, бірінші жартыжылдықтағы ішкі жалпы өнімнің көлемі осы күнгі бағамен 8733,0 млрд. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, нақты өлшемде 8 пайыздық өсудің бар екенін көрсетеді. Оның бұлайша қарыштап өсуіне екі түрлі фактор оң әсер етсе керек. Олардың біріншісі салыстыру үшін алынған 2009 жылғы база негізінің төмен екендігі (өткен жылғы қаңтар-маусым аралығында ІЖӨ құлауы 2,3 %-ға дейін барып еді) болса, екіншісі экспортқа шығарылған тауар­ларға деген сұраныстың артып, бағаның көтеріліп кетуінен іздестіріледі.

***

Қуыршақтарды қашан қазақы кейіпке ендіреміз деп жүргенде, одан да сорақысы шықты. Біз балаларымызға ойыншық емес, у әперіп жүр екенбіз. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Келімсек ұйымның кеселі» деген тақырыптағы мақалада кеңінен айтылған. Басылымның жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы бірнеше дүкендер мен базарларда уланған ойыншықтардың саудаға түсіп жатқаны анықталған. Прокуратураның пәрменділігімен мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің ОҚО бойынша департаменті облыс аумағындағы сауда нүктелерінде сатылып жатқан балалар ойыншықтарының сапасына тексеру жүргізген. Тексеруге алынған 267 полимер затынан жасалған ойыншықтардың 22-сінде қорғасын, кадмий секілді ауыр металл қоспалары (концентрациялары) рұқсат етілетін мөлшерден екі есеге дейін жоғары болған. Сондай-ақ формальдегид, фенол секілді зиянды химиялық қоспалардың да құрамы көп екені анықталды.

«Қасиет қонған, құт дарыған пір Бекет». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарияланған мақалада ағымдағы жылы ұлыстың ұраны, бір басына бірнеше қасиет дарыған пір Бекет Атаның 260 жылдығы еліміздің аймақтарында ерекше аталып өтіп жатқандығы жайында баяндалған. Кіндік қаны Атырау өңірінің Жем бойындағы Ақмешіт елді мекенінде тамған Бекет Ата Мырзағұлұлы - көріпкелдігімен, әулиелігімен, сәуегейлігімен бірге, тарыққанды демеп, зарыққанды жебеген, аса ерекше қасиетімен қоса, сәулет өнерін дамытқан шеберлігімен әрі батырлығымен елге танылған тарихи тұлға. Басылымның атап өтуінше, Бекет Атаның аруағына арнап ас берудегі халық бастамасына Маңғыстау мен Атырау облыстарының әкімдері де қолдау білдірген. Атырау өңірінде бұрын-соңды болмаған дүбірлі тойға келген халық алдында сөз алған облыс әкімі Бергей Рысқалиев облыста ұйымдастырған осы шараны бүкіл қазақ қоғамын біріктіретін үлкен шара деп атап, халық алдында ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың пір Бекетті ұлықтау тойымен құттықтаған хатын оқып берді. Астанадан келген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың өткен тарихтан сабақтаған келелі ойы Бекет Ата тойына келген халықтың санасында біразға дейін жаңғырып тұрарына сеніміміз мол.

Осы басылымның спорт айдарында «Қыздарымыз қажырлы, жігіттеріміз жігерсіз» деген тақырыппен жарық көрген мақала Ресей астанасындағы «Олимпиский» спорт кешенінде күрес түрлерінен аяқталған әлем чемпионатына арналған. «Қыздарымыз қашан да ел намысын абыроймен қорғап келеді. Бұл жолы да жалғыз күміс медаль солардың еншісінде. 67 келі салмақ дәрежесінде белдескен Елена Шалыгина күміспен күптелді», деп жазады басылым. Жарияланымның толық нұсқасын «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.

***

«Елбасының Алматыдағы резиденциясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі - Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті», ждеп жазады «Айқын» газеті «Ел мерейін тасытуға ерекше екпін керек» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Жиында С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, Д.Исабеков, М.Әуезов сөз алып, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымға Қазақстанның төрағалық етуі мен желтоқсандағы саммиттің өткізілуіне қатысты өз ойларын ортаға салған. Сонымен қатар қазіргі таңдағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті төңірегіндегі түйткілді мәселелер де әңгіме өзегіне айналды.

«Айқын» газетінің жазуынша, кейбір мемлекеттік қызметкерлердің қазіргі заманда әдетке айналып бара жатқан парақорлықтан, жемқорлықтан қаншалықты тартынып, адал қызмет етіп жүргенін анықтау үшін, жалған айтқанды ұстап беретін детектор арқылы арнайы тестен өткізілуі мүмкін. Бұл бастаманы «Нұр Отан» ХДП қолдайтындығын білдірген. Мақаланың толық нұсқасын басылымның сейсенбілік санындағы «Мемлекеттік шенеуніктерді «адалдық детекторы» арқылы арнайы тексеруден өткізу қажет» деген мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар