«Өрлеу» жобасының арқасында 4 мыңға тарта отбасы өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартты
«Көмекке ие болған адамдардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындар үлесі - 9,5%, мемлекеттік балалар жәрдемақысы (МБЖ) тағайындалғандар - 56,1%, алғаш рет хабарласқандар үлесі - 34,4% құрады», делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде. 2014 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қанатқақты өңірлерде 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда АӘК алатындар - 16,2%, МБЖ алатындар - 7,1% азайды. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2014 жылы 500 млн. теңге көлемінде мақсатты ағымдағы трансферт бөлінді. Мысалы, жобаға қатысқан Өскемен қаласының тұрғыны, көп балалы Байғондар отбасы өзінің материалдық жағдайын елеулі түрде жақсартты. Бұл отбасында төрт бала - екі мектеп оқушысы және мектепке дейінгі жастағы екі бала бар. Отағасы «Өрлеу» жобасына қатысу үшін 2014 жылғы маусым айында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласқан. Ол кезде отағасы жұмыссыз, жұбайы үш жасқа дейінгі баланы күту бойынша демалыста болған. Отбасы мемлекеттік атаулы көмек алушы болып, жалпы табыс мөлшері 24 924 теңгені құраған. Жоба аясында отбасын белсендендіру жөнінде әлеуметтік келісім-шарт бекітілді. Яғни, ұсынылған жұмысқа және алатын ШАК қарамастан, көмек алушының экономикалық дербестігін нығайту үшін бір жыл ішінде отбасы табысы қайта есептелмейді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бағыттауымен отағасы «Млат» ЖШС жұмысшы боп тұрып, жалақысы 60 мың теңге боп бекітілді. ШАК мөлшері бір адамға 7 268 теңге, жалпы отбасына 43 606 теңгені құрады. Қараша айында отағасының жалақысы ұлғайтылып, 97 500 теңгеге жетті. Жалпы, жоба басталғалы бері отбасының айлық табысы 148 811 теңгені құрады, оның ішінде отағасының жалақысы - 97 500 теңге, көпбалалы ана ретінде жұбайының әлеуметтік жәрдемақысы - 7705, ШАК - 43606 теңге. «Жобаға қатысуының арқасында отбасының материалдық жағдайы елеулі түрде жақсарды. Коммуналдық қызметтер бойынша қарыздары қысқарды»,-делінген хабарламада. Еске сала кетейік, қанатқақты жобаны 2014-2015 жылдары іске асыру жоспарланған.