Орман алқаптарын ұлғайту жоспары қаншалықты орындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Тәуелсіздік жылдарында республиканың орман қорының ауданы 6,9 млн гектарға ұлғайды. Бұл туралы экожүйелерді ұтымды пайдалану тақырыбындағы орнықты дамуы саласындағы міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияның отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

қыс, орман
Фото: instagram.com/welcome_to_martuk

Министрдің айтуынша, БҰҰ-ның орнықты даму мақсатына қол жеткізу аясында министрлікке 11 индикатор бекітілген. Барлық көрсеткіштер бойынша өсу байқалған, оның ішінде таулы орман алқаптары 2015 жылғы 5,6 млн гектармен салыстырғанда, 5,9 млн гектарға жетті.

- Тәуелсіздік жылдарында республиканың орман қорының ауданы 6,9 млн гектарға (25%) ұлғайды. Қазіргі уақытта мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,9 млн га (1991 жылы – 24 млн га), оның ішінде қалың орман басқан жерлер 13,7 млн га (1991 жылы – 10,2 млн га) немесе 44,3% құрады. Бұл ретте еліміздің орманды аумағы 1991 жылғы 3,8 пайыздан қазір 5 пайызға дейін жеткізілді, - деді Е. Нысанбаев.

Оның сөзіне қарағанда, қалың орман басқан жердің аумағын 13,7 млн гектардан 2030 жылға қарай 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Осы бағытта Мемлекет басшысы мемлекеттік орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу міндетін қойды. 2021 жылдан бастап 736,8 мың гектар аумақта 1 млрд 150 млн ағаш отырғызылды. Оның ішінде 2024 жылы 205,2 мың га аумақта 306 млн ағаш егілді.

- Орман алқабын ұлғайту аясында тұқым материалдарымен қамтамасыз ету үшін 114 жаңа орман тәлімбағын құру жоспарланды, - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы экожүйені дамытудағы проблеманы атады.

 

Соңғы жаңалықтар