Орман алқаптарын қалпына келтіру қарқыны өсіп, ерекше қорғалатын аймақтар көлемі ұлғайып келеді - А.Күрішбаев
АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орман шаруашылығын дамыту саласында басты күш «Жасыл ел» бағдарламасын орындауға жұмылдырылды.
Өткен жылы орман алқаптарын қалпына келтіру қарқыны 10 пайызға өсті, ал ерекше қорғалатын аймақтар 300 гектарға ұлғайды. Бүгінде олардың саны республика аймағының 8,3 пайызын құрады. Бұл реттегі халықаралық нормалардың 10-12 пайыз екендігін ескерсек, біз ақырындап осы халықаралық нормаларға жақындап келеміз. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде министр Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сөзінде министр «Ертіс орманы», «Семей орманы» сияқты резерваттардың аумағын кеңейту және осы аймақтардағы ағаш кесу әрекеттерін жою мақсатындағы министрліктің бастамасымен ұйымдастырылған шаралар ерекше атап өтуге тұрарлық екендігін атап көрсетті. «Енді осы қабылданған шараларға сәйкес, табиғи резерваттар аймағына ағаш кесу шараларын ұйымдастыруға мүлдем тыйым салынады. Бұл ағашты заңсыз кесу әрекеттерінің алдын алатын маңызды шара екендігін атап өткен жөн. Осы орайда біз Шығыс Қазақстан және Павлодар облысының әкімшіліктерін министрліктің бастамасына ұйытқы болуларын сұраймыз», деді А.Күрішбаев.