Орман алқаптарының маңындағы су қоймаларының табаны тереңдетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Төтенше жағдай министрлігіне көктемгі тасқын маусымына дайындықты қазірден бастауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Келесі көктем кезеңінде тасқындарға дайындығымыз былтырғыдан жоғары болуы керек. Сонымен бірге, жаздағы өрттер суды тікұшақпен шалғайдан тасуға тура келгенін көрсетті. Жергілікті атқарушы органдармен бірге орман массивінің маңындағы су қоймаларының табанын тереңдету жұмыстарын атқару қажет. Соның арқасында тікұшақтар суды жақын маңнан жеткізе алатын болады. Осылайша өртті жылдам сөндіре аламыз. Бұл жұмысты да ерекше бақылауға алу қажет», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.