Орман қорын тұрақтандыру үшін заңнаманы қатайту керек - депутат Ж. Дүйсебаев

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат - Еліміздегі орман қорын тұрақтандырып, оны қорғау шараларын арттыру үшін осы саладағы заңнамаға жауапкершілікті қатайту нормалары енгізілуі керек.
None
None

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жексенбай Дүйсебаев осы мәселені көтерді.

Депутаттың айтуынша, еліміздегі орман қорының жалпы аумағы 28,7 млн. гектарды құрайды. Бұл ел аумағының 10,5 пайызын алады. Оның ішінде орманмен көмкерілген өңірлер 10,3 млн. гектарды алып, орман қорының 43 пайызын құрап отыр. Дегенмен, депутат Ж. Дүйсебаев соңғы жылдары атқарылған шараларға қарамастан, орман және аң шаруашылығы саласында шешуді қажет ететін бірқатар проблемалар байқалатынын алға тартады.

«Мәселен, орман өрттерінен болатын шығындардан қоршаған ортаға, экономикаға көп залал келуде. Былтырғы жылы орман өртінің 644 оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 11,7 мың гектар орман алқабынан айырылдық. Осы жылғы төрт айдың ішінде де бірқатар орман өрті қайталанып отыр. Яғни, орман өрті жыл сайын қайталанатын әдетке айналып бара жатқан секілді. Бұдан бөлек, қатаң талаптың жоқтығынан заңсыз ағаш кесулер де жалғасуда. Тек қана 2010 жылы оның көлемі 3016 текше метрді құраған», - дейді депутат.

Сондықтан да депутаттың айтуынша, орман мәселесіне қатысты заңнамаларды қатайту қажет. «Орманды ұтымды пайдалануға тиіспіз. Оны тұрақтандыру мен орман өрттерін, заңсыз ағаш кесуден туатын азаюды болдырмайтын нормаларды заңнамаға енгізуіміз керек», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар