Орман өртіне байланысты Павлодар облысындағы 3 ауылда төтенше жағдай жарияланады
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ертіс орманы» резерватындағы өртке байланысты Павлодар облысындағы 3 ауылдық округ аумағында төтенше жағдай жарияланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Павлодар облысы Шарбақты ауданының Александровка ауылдық округі, Галкино ауылдық округі және Шалдай ауылдық округі аумақтарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Оны жоюға бағытталған іс-шараларды өткізу үшін өзімді басшысы етіп тағайындаймын. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 15 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуовтің шешімінде.
Айта кетейік, 15 шілде күні «Ертіс орманы» резерватында өрт шықты.
Кейін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов барып, жағдайды өз бақылауына алды.
Павлодар әкімдігінің мәіметіне сай, қызыл жалын 850 гектар орман алқабын шарпыған.
Ал кеше облыс әкімі Асайын Байханов «Ертіс орманы» резерватында болып жатқан өрттің қашан толық сөндірілуі мүмкін екенін айтты.