Орман өртін ерте анықтайтын жүйе мен балабақшаға тіркеудің бірыңғай базасы іске қосылады

балабақша кезегі
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында орман өрттеріне қарсы күрес жөніндегі жаңа шаралар мен балабақшаларға кезекке тұруды автоматтандыру үдерісі қаралды. ҚазАқпарат бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жиында өрт ошақтарын дер кезінде анықтауға және уәкілетті органдарға ақпаратты шұғыл жеткізуге мүмкіндік беретін орман өрттерін ерте анықтау жүйесін іске қосу мәселесі талқыланды.

Атап айтқанда, мемлекеттік орман қорын, ұлттық саябақтарды, қорықтарды және ерекше қорғалатын аймақтарды тәулік бойғы видеомониторингпен және тәуелсіз түтін датчиктері желісімен қамту жоспарланған.

Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану көзделген. Дрондар шешім қабылдау орталығын өзекті ақпаратпен қамтамасыз етіп, өрттерді оқшаулау және жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіруге көмектеспек.

Бұдан бөлек отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленген Мектепке дейінгі ұйымдар үшін есепке алудың бірыңғай базасын құру мәселесі де талқыланды.

Оны пилоттық режимде осы жылдың қазан айында іске қосу жоспарланып отыр, ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап бүкіл республика бойынша қолданылады.

Премьер-Министр балабақшаға кезекке қою және кезекті жылжыту үдерісін толық цифрландыру оның ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар