Орман резерваттарында ағаш кесу, өңдеу орындарына заң жүзінде тыйым салынады
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы орман резерваттарында ағаш кесу, өңдеу орындарына заң жүзінде тыйым салынады.
Бүгін орманды қорғау және заңсыз аң аулауға қарсы күрес шараларының қорытындысы жөнінде өткен баспасөз мәслихатында АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда еліміздегі орман алқаптарын сақтауға қатысты жүйелі әрі заңнамалық негізде бірқатар шаралар атқарылуда. Мәселен, Павлодар облысы бойынша орман резерваттары аумағында ағаш кесу және өңдеу құралдарын, қондырғыларын орнатуға тиым салынды. Қазір құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұған дейін жұмыс істеп келген ағаш кесу орындарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысы бойынша да алдағы уақытта осындай шаралар қамтылатын болады», деді Комитет төрағасы Е. Нысанбаев.
Оның айтуынша, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарына қарайтын орман резерваттары аумағында 165-тен астам ағаш кесу және өңдеу орындары бар екен. Ендігі күні жеке кәсіпкерлік мақсаттағы бұндай ағаш кесу орындарын жауып, ол жұмыспен тек мемлекеттік мекемелер ғана айналысатын болады. «Павлодар облысындағы ағаш кесулерді тоқтату үшін әкімнің арнайы қаулысы шықты. Дегенмен, бұл уақытша шара болатыны түсінікті. Сондықтан да, биылғы жылы арнайы заң жобасын әзірлеп жатырмыз, онда «Ертіс орманы» мен «Семей орманы» алқаптарында ағаш кесіп, өңдейтін орындарға тыйым салу туралы норма атаулы түрде, нақты жазылатын болады. Ағашты кесіп, өңдейтін бұндай орындардан құтылудың өзі үлкен жетістік. Өйткені, орман алқаптарында ағашты кесіп, өңдеумен айналысатын бизнестің өзі бүгінгі күні алқаптарға үлкен залал келтіріп отыр», деді Е. Нысанбаев.