Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі мәселелерін қамтитын жоба мақұлданды

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі мәселелерін қамтитын жоба мақұлданды

Заң жобасы орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайту мен пайдалануды жақсарту мақсатында әзірленген.

Бұл ретте құжатты қабылдау табиғат қорғауды реттеу саласында қолданыстағы заңнама нормаларын ұштастыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, заңсыз аң аулаудан, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуден, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлеріне заңсыз араласу болып табылатын әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықты күшейтуге мүмкіндік туғызады. Заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ерекше қорғалатын аумақтар жерлерін Қазақстан мемлекеттік шекарасы нысандарын салу және орман шаруашылығын жүргізуге байланысты емес басқа да мақсаттар үшін босалқы жерлерге ауыстыруды реттеуге де қатысты болып табылады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік реттеу саласындағы Үкіметтің құзыреті нақтыланады. Мемлекеттік орман табиғи резерваттары аймағы аумағында шаруашылық қызметін шектеу режимі айқындалады. Аңшылық шаруашылығын орнықты жүргізудің құқықтық негіздері белгіленеді.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы, екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылды.