Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қамтитын заң қабылданды

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы,

Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қамтитын заң қабылданды

жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылап, құжатты қабылдады

Құжат орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайту мен пайдалануды жақсарту мақсатында әзірленген.

Бұл ретте құжатты қабылдау табиғат қорғауды реттеу саласында қолданыстағы заңнама нормаларын ұштастыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, заңсыз аң аулаудан, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуден, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлеріне заңсыз араласу болып табылатын әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықты күшейтуге мүмкіндік туғызады. Заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ерекше қорғалатын аумақтар жерлерін Қазақстан мемлекеттік шекарасы нысандарын салу және орман шаруашылығын жүргізуге байланысты емес басқа да мақсаттар үшін босалқы жерлерге ауыстыруды реттеуге де қатысты болып табылады. Бұдан бөлек, мемлекеттік реттеу саласындағы Үкіметтің құзыреті нақтыланады. Мемлекеттік орман табиғи резерваттары аймағы аумағында шаруашылық қызметін шектеу режімі айқындалады. Аңшылық шаруашылығын орнықты жүргізудің құқықтық негіздері белгіленеді.

Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар бірқатар толықтырулар енгізген болатын. Атап айтқанда, Жер кодексіне орман өсіру үшін сауда-саттық пен аукцион өткізбестен мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықты беру немесе жер учаскелерін жалға бері жөніндегі нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, орманның аса қауіпті зиянкестері мен аурулар ошақтарымен күрес жөніндегі шараларды қаржыландыру тетіктері алғаш рет айқындалып отыр. Оның ішінде жеке орман өсіруді мемлекеттік қолдау, сол үшін ынталандыру мен инвестициялар тарту көзделеді. Сондай-ақ мектеп орманшылығы мәртебесін заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылады.

Сонымен қатар, құжатта жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құзыретіне бекітілмеген аң аулау және балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерде жануарлар ауруға шалдыққан, оларға қырылып қалу қаупі төнген жағдайларда көмек көрсету іс-шараларын ұйымдастыру туралы нормалар енгізілді. Бекіре тұқымдас балықтардың табиғи ортадан жойылып кетуі, оларды сатып алу, қайта өңдеу мен олардың уылдырығын экспорттау жөніндегі қызметтерге мемлекеттік монополияның тетіктерін іске асыру жөніндегі нормалар да қамтылып отыр.

Бұдан басқа, қорықшы қызметінің қызметкерлеріне аң аулауда пайдалануға қызметтік қарумен, байланыс құралдарымен, айырым белгілері бар арнайы киіммен және қызметтік куәлікпен қамту нормалары да қарастырылып отыр.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.