«Орман-тоғайдың жауы өрт, аң-құстың жауы браконьер» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 ақпан, cенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Ақпан айының алғашқы күндерінде Қытайдың Иу қаласынан шыққан жүк пойызы Қазақстан Түрікменстан Иран халықаралық теміржол дәлізі арқылы 10 мың шақырым жол жүріп, Тегеран қаласына жетті. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардың ішінде транзиттік тұйық мемлекеттен құрлықтарды жалғаған «алтын көпір» қуатты транзиттік мемлекетке айналды. Елбасының Қазақстанды әлеуетті еуразиялық көлік-логистикалық транзиттік хабына айналдыру жөнінде стратегиялық идеясы орындалды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан бүкіл ТМД мемлекеттерін қосқандағыдан артық теміржол құрылысын салыпты. Еліміздің төрт құбыласын байланыстыра түгендеген жаңа теміржол тораптарының ұзындығы 2558 шақырымға созылды. 110 жылдан астам уақытқа созылған Қазақстан теміржолының тарихында соңғы 25 жыл ішінде салынған теміржол құрылысы еліміздің көлік транзиттік бағытында шынайы егемендікке қол жеткізген кезең болды. Соңғы жылдары салынған теміржол талаптары ұлан-ғайыр Қазақстанның төрт құбыласын түгел бір-бірімен байланыстырып, тәуелсіз экономикамыздың тамырларына толық қан жүгіртті. Сонымен бірге, төңірегі түгел құрлықпен шекараласатын Қазақстан тұңғыш рет Парсы шығанағы арқылы әлемдік мұхитқа жол ашты. «Қытаймен байланыстыратын транзиттік теміржол дәлізінің маңызы да зор. Мамандардың айтуынша, 2020 жылға таман Еуропа мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі 1 триллион долларға дейін жететін көрінеді. Қорғас Шығыс қақпасы арқылы Аспанасты елінің сарқылмас жүк тасқыны Еуропаға жол тартпақ. Ал Достық стансасы арқылы Каспий теңізімен Түркияға, Өзен Түрікменстан арқылы Парсы Шығанағы елдеріне аттандырылатын болады. Ақиқатын айтқанда, тәуелсіз Қазақстан әлемнің ең дамыған елдерімен иық тірестіретін әлеуетті транзиттік хабқа айналды», - делінген «Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан бүкіл ТМД мемлекеттерін қосқандағыдан да ұзын теміржол желісін салды» атты тақырыптағы мақалада.
Осы басылымның бүгінгі санында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевпен арадағы сұхбат «Орман-тоғайдың жауы өрт, аң-құстың жауы браконьер» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген вице-министр тақырыпқа тұздық болған жайтқа қатысты оймен бөлісіп, киіктердің қырылу себептеріне де кеңінен тоқталған. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдағы уақытта атқарар жұмыстарына да егжей-тегжейлі тоқталып өткен. «Ал жануарлар дүниесі саласы бойынша халықаралық табиғат қорғау ұйымдарымен ынтымақтастықты, Қазақстанда барысты, киікті, басқа да сирек кездесетін тұяқты жануарлар түрлерін сақтау бойынша жұмыстарды жалғастыру, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық бағынысындағы бөлімшелер ҚР ІІМ Әкімшілік полициясымен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп жануарлар дүниесін сақтау және табиғат қорғау заңнамасын бұзушылармен қарсы күрес жүргізу, республикалық «Қансонар» қауымдастығымен аңшылық шаруашылықтарын дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты республика көлеміне шығару, 2016 жылдың көктем және күзінде ҚР ІІМ киіктер таралған аймақтағы облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «Ел болып киікті сақтайық!» атты табиғат қорғау акциясын өткізу. Алда тұрған мақсат-міндетіміздің бір парасы, міне, осы болып тұр», - деді Е.Нысанбаев.
***
«Еуроодақ Шығыс Қазақстан облысында «Алтын Алтай өңірді дамытудың байлығы» атауымен ауылдық туризімді дамытуға арналған жобаны жүзеге асырмақ», - деп жазады «Казахстанская правда» «Сельский туризм - богатство региона» деген тақырыптағы мақаласында. 2014 жылы бастау алған жоба Қатонқарағай мен Батыс Алтай мемлекеттік ұлттық табиғи қорығы мен қорық аумағын қамтиды. Басылымның жазуынша, Еңбек ауылына Голлодиядан отбасылар екі мәрте келіп, ауыл тұрғындарының киіз басу ісіне тәнті болған көрінеді.
***
«Полиция Астана медицина университетінің студенті Ерасыл Әубәкіровтің өлтірілуін ата-анасының қарызын қайтармауына байланысты кек болуы мүмкін деген болжам жасауда», - деп жазады «Время» газеті.
«Ішкі істер министрлігі біздерді тергеу амалдарының барынша тыңғылықты жүргізіліп жатқандығына сендірді. Әзірше қандай да бір болжам жасау артық болар. Қазіргі сәтте, полиция ұрлау және өлтіруге қатысты бірнеше нұсқаны қарастыруда. Олардың қатарында Ерасылдың ата-анасы қарызынан туындаған кекке орай ақша бопсалау және қызғаныш нұсқалары бар», - делінген мақалада. Толығырақ «Три версии убийства» деген тақырыптағы мақалада баяндалған.