Орман және дала өртінің алдын алу және жою мәселесі әрқашан да басты назарда болуы қажет - ҚР Төтенше жағдайлар министрі

АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Орман және дала өртінің алдын алу және жою мәселесі әрқашан да басты назарда болып, аталған табиғи апатқа қарсы әрекет етуге дайын болуымыз қажет. Бұл туралы бүгін өрт қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты селекторлық кеңес өткізген еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко айтты.
None
None

Бұл орайда алқалы жиынға қатысушылардың назарын Ресей Федерациясында орын алған табиғи апатқа аударған ол «ағымдағы жылы Ресейдің өрт шалған аумағы 10,5 миллион гектарды құрады. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі өртті ауыздықтау үшін 12 миллард рубль шығындады. Әрине бұл ауқымды қаржы. Алайда Ресейдегі өрттен қаза болған адамдардың орнын ешқандай ақша толтыра алмайды», деді.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, Үкімет басшысының өрт қауіпсіздігі мәселелеріне орай өткізген селекторлық кеңестен бері, яғни 2 аптаның ішінде ғана 28 орман және 108 дала өрті тіркелген. Ал өрт қаупі кезеңі туындағаннан бері әкімдіктердің коммуналдық меншігіне берілген аймақтарда жалпы аумағы 4 364 гектарды құрайтын 267 өрт орын алған.

Төтенше жағдайлар, Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері қатысуымен өтіп жатқан кеңес жұмысында орман және дала алқаптарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқа мемлекеттердің табиғи өртті ауыздықтау және жою тәжірибелерін қарастырмақ. Алқалы жиын қорытындысы бойынша әзірленген хаттамаға ҚР Төтенше жағдайлар министрі қол қойып, ол барлық облыстарға және мүдделі ұйымдарға жіберілетін болады.

Соңғы жаңалықтар