Ормандарды отау табиғатқа әлемдегі барлық автомобильдерден шыққан түтіннен бетер зиян тигізеді
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Жүз келі макулатура бір ағашты сақтап қалуға көмектеседі, ал ғаламшардағы тастанды қоқыстың төрттен бірі қағаз қалдықтары екенін есепке алар болсақ, бір жылдың ішінде тұтастай орман ағаштары кесілуінің алдын алуға болады.
Халықты макулатура жинауға тарту және табиғи қорларға ұқыптылықпен қарауды қалыптастыру мақсатында Kazakhstan Kagazy компаниясы мен British Council «Ағашты құтқар» байқауына бастамашы болды, деп хабарлады British Council компаниясының баспасөз қызметі.
Бүгін Алматыда British Council кеңсесінде осы байқаудағы таңдаулы жобалардың таныстырылымы өтеді. Байқау қорытындысымен қоғамның қағаз қалдықтарын жинауға көзқарасын өзгерту жөніндегі таңдаулы жоба авторларына 100 000 теңге көлеміндегі бас жүлде берілетін болды. Байқауға барлығы 23 өтінім келіп түсті. Жұмыстарға «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов және Kazakhstan Kagazy компаниясының өкілдері сарапшылық жасайды.
Шара барысында British Council Ұлыбританияның қалдықтарды өңдеу және өңделген материалдарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі жетекші ұйымдарының бірі - WRAP компаниясымен бірлесіп бейнеконференция ұйымдастырады. Олар қазақстандық экологиялық ұйымдармен қайталама шикізатты тиімді пайдалану жөнінде өз тәжірибелерімен бөліспек.
Еске сала кетейік, Алматы қалалық қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметтері бойынша, Алматы тұрғындары жыл сайын 500 тоннаға дейінгі қоқысты кәдеге жаратады. Еуропада макулатура қабылдау жыл ішінде өндірілген қағаздың 50-70 пайызын, Ресейде - 10-12 пайызды құрайды. Бір тонна қағаз өндіру үшін 98 тонна басқа ресурстар пайдаланылады. Бір тонна қағаз дайындауға 1 тонна құрыш өндірісі үшін қажетті электр энергиясы жұмсалады. Ормандарды отау табиғатқа әлемдегі барлық автомобильдерден шыққан түтіннен бетер зиян тигізеді.