Ормандардың өртенуіне жоғары кернеулі желілердің қатысы жоқтығы туралы KEGOC-тың хабарын комиссия қуаттады

АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат - Қыркүйектің 8-інде Павлодар облысында болған өрт кезінде «KEGOC» акционерлік қоғамының жоғары кернеулі желілерінің істен шығу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті комиссиясының қорытындысы шықты.
None
None

Комиссия әзірлеген акт бойынша, қысқа тұйықталуға электр желісіне жол бойынан жеткен өрттің себеп болғаны расталды.

Электр желісі (500 кВ-тық «ЕЭК - Рубцовск» ЖЖ мен 1150 кВ-тық «Екібастұз 1150 - Алтай» ЖЖ) жоғары температураның нәтижесінде әуе кеңістігіндегі электр тығыздығының төмендеуінен (иондалуы), ауаға түтін мен өрт ұшқындарының тарауы салдарынан істен шыққан. Электр желісін пайдалану ережесінің бұзылуы факті тіркелмеген.

Жүргізілген тексеру, қыркүйектің 8-інде алдымен Павлодар облысының Шарбақты ауданында өрт шығып, соның салдарынан электр желісі істен шықты деген «KEGOC» АҚ хабарын растады.

Арнайы комиссия қорытындысы осы жағдайға орай БАҚ беттерінде «Ертіс орманы» мекемесінің өкілдері таратқан орман алқабының өртке шалынуына «KEGOC» АҚ қатысты екендігі туралы негізсіз мәліметтерді жоққа шығарды.

Қыркүйектің 17-сінде құрылған комиссия құрамына электр энергетикасы саласының құзыретті сарапшылары, оның ішінде ресей мамандары да енді.

«Техникалық тұрғыдан алғанда, жоғары кернеулі желілердің өрт қаупін туғызу мүмкіндігі туралы мәлімет бұл ретте жоққа шығып отыр. Комиссияның қорытындысын Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты мен Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің сәйкес қызмет орындары растап отыр, яғни өрттің тұтануы ертерек - 11:20-да (Астана уақытымен) тіркелген. Содан кейін, Шарбақты ауданындағы өрт салдарынан 11:28-де 500 кВ-тық «ЕЭК - Рубцовск» ЖЖ істен шыққан», дейді комиссия төрағасы, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев.

Соңғы жаңалықтар