Ормуз бұғазы маңында екі мұнай танкері минаға соғылып, өртенді

АСТАНА. KAZINFORM – Ормуз бұғазының шығысында кеме қатынасы ережелерін бұзған екі мұнай танкері теңіз минасына соғылып, өртке оранды. Бұл туралы Иран армиясының Әскери-теңіз күштері мәлімдеді, деп хабарлайды IRNA.

Иран Ормуз бұғазында АҚШ-тың барлау дронын қолға түсіргенін мәлімдеді
Фото: Анадолы

Иран Әскери-теңіз күштері баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 22 қараша күні түске дейін болған.

Ведомствоның хабарлауынша, екі танкер бұған дейін жасалған ескертулерді елемей, Ормуз бұғазының шығысындағы кіруге тыйым салынған аймаққа өткен.

Сонымен қатар кемелердің навигациялық жүйелері мен автоматты сәйкестендіру жүйелері өшірілгені айтылды.

– Ескертулерге қарамастан, навигациялық жүйелерін өшіріп, тыйым салынған аймақтарға кіретін кемелердің иелері, операторлары мен капитандары туындаған салдар мен танкерлерге келтірілген залал үшін тікелей жауап береді, – делінген Иран Әскери-теңіз күштерінің мәлімдемесінде.

Әзірге танкерлердің атауы, экипаж мүшелерінің жағдайы және өрт салдарынан келтірілген шығын көлемі туралы мәлімет жарияланған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін 18 қарашада Ормуз бұғазында бір тәулік ішінде төрт мұнай танкері өртенгені хабарланған еді. Иран тарапы кемелердің навигациялық жүйелерін өшіріп, тыйым салынған аймаққа кіргенін мәлімдеген.