Ормуз бұғазынан коммерциялық кемелерді эвакуациялау басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық теңіз ұйымы (IMO) Ормуз бұғазынан коммерциялық кемелерді шығару бойынша ауқымды операцияға дайындықты бастады, деп хабарлайды Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңалықтар қызметі.

бұғазы
Фото: Anadolu

Ұйымның мәліметінше, бұл шара Иран мен АҚШ арасындағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келісімдер аясында қолға алынуда. Егер жоспар сәтті жүзеге асса, бұғаз арқылы өтетін кеме қозғалысы соғысқа дейінгі деңгейге қайта оралуы мүмкін, яғни соңғы күндері тәулігіне 20–30 кеме ғана өтсе, болашақта бұл көрсеткіш қайтадан күніне шамамен 130 кемеге жетуі ықтимал.

— Агенттік операцияны бастау үшін жергілікті өкілдері арқылы кемелермен байланыс орнатып жатыр. Операцияға 500-ден 600-ге дейін коммерциялық кеме қатысады деп жоспарланып отыр, — деп хабарлады БҰҰ.

IMO қажетті қауіпсіздік кепілдіктерін алғанын және кемелерді шығару үшін екі уақытша теңіз дәлізін белгілегенін мәлімдеді. Оның бірі Иран жағалауы бойымен өтсе, екіншісі Оман мен Біріккен Араб Әмірліктерінің аумақтық сулары арқылы жүргізіледі.

Кемелерге қозғалысты бастауға рұқсатты күту және жағалаудағы мемлекеттердің нұсқауларын қатаң сақтау ұсынылды. Әрбір кеме үшін дәлізден өту күні жеке белгіленеді.

Халықаралық теңіз ұйымының дерегінше, Ормуз бұғазы маңындағы әскери қақтығыстар басталғалы бері 14 теңізші қаза тапқан. Сонымен қатар бұл маңызды теңіз жолының қалыпты жұмысы айтарлықтай бұзылған.

— Мыңдаған жазықсыз теңізшілер үшін ауыр сынаққа айналған және бүкіл әлемге кері әсерін тигізген бірнеше айлық қиын кезеңнен кейін АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісімді зор қанағаттанушылықпен құптаймын. Бұл теңіздегі қауіпсіздікті қалпына келтіру және азаматтық кемелерге жасалған жол беруге болмайтын шабуылдарды тоқтату жолындағы шешуші қадам, — деді IMO Бас хатшысы Арсенио Домингес.

Бұған дейін Оман Халықаралық теңіз ұйымымен үйлестіре отырып, Ормуз бұғазы арқылы өтетін уақытша теңіз дәлізін құратынын жариялаған болатын.