Ормуз бұғазында тағы бір мұнай танкері минаға соғылып, өртенді
АСТАНА. KAZINFORM – Ормуз бұғазының оңтүстік бөлігінде ірі мұнай танкері теңіз минасына соғылып, кеменің қозғалтқыш бөлімінде жарылыс болды. Артынша өрт шыққан. Бұл туралы Иранның IRNA агенттігі Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) Әскери-теңіз күштерінің ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Иран әскери қолбасшылығының мәліметінше, ірі көлемде шикі мұнай тасымалдаған танкер Ормуз бұғазынан шығуға әрекеттенген.
Алайда кеме халықаралық кеме қатынасы ережелерін бұзып, автоматты сәйкестендіру жүйесін (AIS) және навигациялық датчиктерін толық өшірген. Сонымен қатар белгіленген қауіпсіз бағыттан ауытқып, кемелердің жүруіне тыйым салынған аймаққа кірген.
ИРСК Әскери-теңіз күштерінің мәлімдеуінше, бұл – соңғы екі тәулікте белгіленген тәртіпті бұзған танкерлердің минаға соғылуына қатысты үшінші оқиға.
Осыған байланысты Иран тарапы Ормуз бұғазында жүзетін кемелерге қатаң ескерту жасады.
– Бұғаз аумағында навигациялық деректерін жасыратын кез келген кеме автоматты түрде дұшпандық нысан ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда оған қатысты барлық қажетті ықпал ету шаралары қолданылады, – делінген ИРСК Әскери-теңіз күштерінің мәлімдемесінде.
Оқиға әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазында қауіпсіздікке қатысты тәуекелдер күшейген тұста тіркелді.
Ақпарат жарияланған сәтте АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығы (CENTCOM), халықаралық теңіз қауіпсіздігі органдары және танкерді пайдаланушы компания бұл жағдайға қатысты түсініктеме бермеген.
Сондай-ақ танкердің қай елге тиесілі екені, экипаж мүшелерінің жағдайы және теңізге мұнай төгілу қаупі туралы нақты ақпарат жоқ.
Оқиғаға қатысты мәліметтер әзірге Иран тарапының мәлімдемесіне негізделген. Басқа дереккөздер тарапынан тәуелсіз растау жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін 24 қыркүйекте Ормуз бұғазында жүк кемесіне шабуыл жасалып, экипаждың екі мүшесі қаза тапқан болатын. Шабуылдан кейін кемеде өрт шыққан.