Орнықты даму мақсаттарының ұлттық индикаторларының жаңартылған тізбесі бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров орталық мемлекеттік органдар басшылығы мен БҰҰ, БҰҰДБ және Еуропалық одақ өкілдерінің қатысуымен Орнықты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің 8-отырысын өткізді, деп хабарлайды
Нұрлан Байбазаров әріптестік пен тиімді өзара іс-қимыл орнықты даму мақсаттарын іске асыру үшін маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
«Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму саласындағы мақсаттар бойынша БҰҰ саммитіне қатысты. Президент өз сөзінде ОДМ-ға қол жеткізу біз үшін ұлттық басымдық болып саналатынын атап көрсетті. Сондықтан біз әрқашан ынтымақтастық үшін ашықпыз және халықаралық серіктестеріміздің қолдауын жоғары бағалаймыз», — деп атап өтті вице-премьер.
Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров Орнықты даму мақсаттарының қағидаттарын енгізу халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, үздік халықаралық стандарттарды қабылдауға, еліміздің халықаралық имиджін арттыруға бағытталғанын айтты.
Жиын барысында сөз алған шетелдік әріптестер республикада жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіріп, әлеуметтік-экономикалық саланың негізгі бағыттарын одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Талқылау қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесі БҰҰ-ның Орнықты даму саласындағы күн тәртібінің 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарының ұлттық индикаторларының жаңартылған тізбесін бекітті және 2025 жылғы Ерікті ұлттық шолуды дайындау жоспарын мақұлдады.
Айта кетейік, Орнықты даму мақсаттарын 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы кедейлік пен теңсіздікті жоюға, қоршаған ортаны қорғауға және әлем халқының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық іс-әрекетке шақыру ретінде қабылдады. Барлығы 17 бағыт белгіленді, оларды жүзеге асыру экономика мен әлеуметтік өмірдің негізгі бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. ОДМ-ға қол жеткізу мониторингі БҰҰ мен ҚР Үкіметі өкілдерінің тұрақты бақылауында.
Бұған дейін ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Нұрлан Байбазаров жыл соңына дейін 4,7 млрд доллардың 239 жобасы іске қосылатынын мәлім етті.