Өрт 10 адамның өмірін жалмап кетті - ТЖМ
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте республикада болған өрт оқиғаларында 10 адам мерт болды, құрбан болғандардың арасында балалар бар,
деп хабарлады ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметі.
Ведомство баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, қаңтардың 24-і күні 24.43-те Семей қаласында жекеменшік сектордағы тұрғын үй жанған. Жалын құшағынан құтқарылған 73 және 68 жастағы зейнеткерлер ауруханаға барар жолда жантәсілім етті.
Осы күні Қарағандыда 13 сағат 4 минутта жекеменшік моншадан шыққан өртті ауыздықтау барысында екі адамның мәйіті табылған. Өрт ҚР ТЖМ Қарағанды облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің күшімен сөндірілді.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Қызыл алқап ауылындағы «жер үйде» болған өртте 9 жасар екі бала өлім құшты. 100 шаршы метр аумаққа жайылған жалынды сөндіру барысында табылған 31 жастағы әйел ауруханаға барар жолда көз жұмды.
Ал Шымкент қаласындағы бес қабатты тұрғын үйде шыққан өрт 60 жастағы азаматтың өмірін қиып кетті. Күйік жарақаттарын алған 56 жастағы әйел ауруханада жантәсілім етті. Тілсіз жау қаңтардың 25-іне қараған түні ҚР ТЖМ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің күшімен ауыздықталды.