Өрт 45 жастағы азаматтың өмірін қиып кетті - СҚО
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Кустовое елді мекенінде өрт шығып, бір адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданындағы Кустовое елді мекенінде тұрғын үйдің жанып жатқандығы жөнінде хабар өрт сөндіру қызметіне таңғы сағат 7.02 минут кеткенде түскен. Оқиға орнына жеткен мамандар жалынды жарты сағаттың ішінде ауыздықтады. Үй ішінен 1975 жылы туған ер адамның денесі табылды.
«Алдын ала болжам бойынша, мерт болған 45 жастағы азамат темекі шегіп жатып ұйықтап кеткен. Бір әйелмен азаматтық некеде тұрған екен. Бірақ өрт кезінде ол үйде болмаған. Қазір келген шығын мөлшері анықталып жатыр.
Жалпы жыл басынан облыста 18 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алды. Көп жағдайда зардап шегетіндер - спирттік ішімдік ішетіндер», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.