Өрт: 80 адам қауіпсіз жерге шығарылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 5 қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт: 80 адам қауіпсіз жерге шығарылды

Оның айтуынша, бүгін өртке қарсы қызметтің пультіне Алматы облысының Жамбыл ауданынан қарасты Қарғалы ауылындағы 5 қабатты тұрғын үйден өрт шыққандығы туралы хабарлама түскен.

«Өрт 2 қабаттағы пәтерлердің бірінен шығып, 9 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнынан жеткен өрт сөндіру бөлімшесінің мамандары 80 адамды, оның ішінде 6 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Сағат 09-03-те өрттің алды алынып, 09-06-да сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт шығуының алдын ала себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуы», - деді ол.

Ресми өкіл дерегінше, тылсыз жаумен күреске Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 6 маманы мен 2 техникасы жұмылдырылған.