Өрт алдында «Семей орманы» аумағындағы камера неліктен өшкені анықталды

Семей орманы өртіне кінәлі шенеуніктер жазаланды ма
Фото: instagram.com/glpr.semeyormany

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде орманды қорғау тақырыбына арналған Үкімет сағатында «Семей орманы» аумағында заңсыз ағаш кесу деректерін тексеруге қатысты түсінік берілді.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин «Семей орманы» резерватында өрт кезінде бейнебақылау жүйесінің істен шығуы деректері туралы сұрады. Сонымен қатар депутат ағашты заңсыз кесу әрекеттері жайында сұрақ қойды.

Өз кезегінде Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Дәулет Ақылбеков тиісті фактілер тексерілгенін айтты.

«Найзағайдың бағытын анықтайтын камераның өшірілгені анықталды. „Семей орманы“ мекемесінің қызметкері 2023 жылдың 7 маусымына дейін аккумуляторды ауыстыру жұмыстарын атқарып, найзағайды бақылайтын құралды желіден ажыратқан. Алайда кейіннен оны қосуды ұмытып кеткен», — деді Д. Ақылбеков.

Оның айтуынша, жүйенің өзі қауіп төнгені туралы белгі бермейді. Құрылғыда түтін мен шаңға әрекет ететін фотокамера бар.

«Бұдан бөлек, орман шаруашылығындағы ұрлық, заңсыз ағаш кесу фактілері бойынша барлық қылмыстық істерді қайта қарадық. Бұл ретте, жергілікті тұрғындар мен „Семей орманы“ қызметкерлерінен жауап алынды. Заңсыз ағаш кесу бойынша 20-ға жуық дерек анықталды. Полиция департаментіне тексеру жүргізу тапсырылды. Қазір тергеу жалғасып жатыр», — деді ол.

Еске салайық, былтыр 8 маусым күні Абай облысының «Семей орманы» резерватында ірі өрт тұтанды. 60 мың гектардан астам орман өртенді.

Салдарынан 14 орманшы қаза болған.

Соңғы жаңалықтар