Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа 172 депо салу қажет - ТЖМ

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат -  Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша республика бойынша 172 депо салуды қажет етеді.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа 172 депо салу қажет - ТЖМ

Бүгін Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті.

Баяндама барысында ведомство басшысы ел аумағындағы халықты өрт қаупінен қорғау кепілін қамтамасыз ету мәселесін айта келе, бүгінгі күні мемлекеттік өрт сөндіру қызметі 271 елді мекенде қызмет етіп отырғанын атап өтті. Бұның ішінде 36 қалада аталған қызмет толық емес құрамда болса, 5 мыңнан астам халық тұратын 87 елді мекенде өртке қарсы қызмет мүлдем жоқ.

«Ауылдардың 98 пайызы өртке қарсы қызмет көрсететін төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің радиусы шеңберінен тысқары, 52 шақырымнан алшақта орналасқан. 408 өрт сөндіру депосының 80 пайызы 1950-70 жылдары салынған. Егер олардың өзі техниканың заманауи даму қарқынын қанағаттандырса мейлі екен, алайда мәселенің өзі осында болып отыр», - дейді В. Божко.

Оның айтуынша, саладағы қордаланған проблемаларды оңтайлы шешу үшін 172 өрт сөндіру депосын салу керек. Бұлардың басым бөлігін Астана мен Алматы қалаларында, Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында орналастыру керек.