Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы атқарылған шаралар материалдық шығынды 9,9 пайызға азайтты - В. Божко

АНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы атқарылған шаралар материалдық шығынды 9,9 пайызға азайтты. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатындаТөтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті.

 Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы атқарылған шаралар материалдық шығынды 9,9 пайызға азайтты - В. Божко

Министрдің келтірген деректеріне қарағанда, ағымдағы жылы елімізде барлығы 580 дала, 627 орман өрттері сөндірілген. Бұған мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 3273 қызметкері мен 635 бірлік техникасы, 5 тікұшақ жұмылдырылыпты.

«Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы министрлік тарапынан атқарылған шаралар осы бағыттағы материалдық шығынды 9,9 пайызға азайтты. Республика бойынша барлығы 1478 балаларды сауықтыру лагерьлері, 2086 білім беру нысандары, 2423 денсаулық сақтау нысандары тексерілді. Бұл ретте 21 мың 558 бұзушылық анықталды, тексеру барысында оның 4648 жойылды. Тоқтала кететін жайт, 2011 жылғы қаңтардан бастап өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау функцияларын қорғаныс саласына, ұлттық қауіпсіздік органдарына, қылмыстық атқару жүйесіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне тапсыру көзделеді. Заңға енгізілген осы норма бақылау үдерісін жүйелендіруге және құқық қорғау жүйелері нысандарының өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді В. Божко.