Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өрт қаупі күшейді: ТЖМ жаздың ең қиын кезеңіне дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде биыл жоғары ауа температурасы, қатты жел мен ауаның төмен ылғалдылығы сияқты қауіпті өрт кезеңі болды. Соған қарамастан табиғи және дала өрттерінің басым бөлігі алғашқы кезеңдерінде-ақ сөндіріліп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінде өткен брифингте Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев мәлім етті. 

Өрт қаупі күшейді: ТЖМ жаздың ең қиын кезеңіне дайындалып жатыр
Фото: Камила Мүлік/Kazinform

— Бүгінде барлық бөлімше күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Табиғи және дала өрттерінің басым бөлігі бастапқы кезеңде сөндіріліп, олардың ірі төтенше жағдайларға ұласуына жол берілмей отыр, — деді Ерлан Төрегелдиев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда министрлік өрт қауіпті аумақтарды тәулік бойы бақылап, әуе және жерүсті барлауын жүргізіп келеді.

Өрт қаупі күшейді: ТЖМ жаздың ең қиын кезеңіне дайындалып жатыр
Фото: Камила Мүлік/Kazinform

Сонымен қатар барлық күш пен техникалар жедел әрекет етуге дайын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасы едәуір күшейтілді. Өрт сөндіру және арнайы техникалар жаңартылып, авиацияның мүмкіндіктері кеңейтілген. Бұған қоса цифрлық технологиялар, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық мониторинг жүйелері кеңінен енгізіліп жатыр.

— Ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық мониторинг жүйелері өрт ошақтарын ерте анықтап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде министрліктің табиғи өрттерге ден қою мүмкіндігі бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда айтарлықтай артты, — деді комитет төрағасы.

Өрт қаупі күшейді: ТЖМ жаздың ең қиын кезеңіне дайындалып жатыр
Фото: Камила Мүлік/Kazinform

Спикердің сөзінше, алда жаз мезгілінің ең күрделі кезеңі тұр. Осыған байланысты министрлік күштері жоғары дайындық режимінде жұмысын жалғастырып, өрт қауіпті аумақтарға мониторинг пен қосымша патрульдеуді күшейтті.

Айта кетейік, Қазақстанда бір тәулікте найзағай салдарынан 55 орман өрті шыққанын жазған едік.