Өрт қаупі жоғары кезде адамдарды орманға жібермеу керек — Премьер
АСТАНА. KAZINFORM — Өрт қаупі жоғары кезеңде адамдарды орман қорының аумағына жібермеу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Төтенше жағдайлар министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, смс-хабарламалар жіберуді қоса алғанда, халықпен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша ақпараттық жұмыс жүргізуді жандандыруы қажет. Бұған Мәдениет және ақпарат, Цифрлық даму министрліктері де атсалыссын», — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр Экология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, өрт қаупі жоғары кезеңде орман қорын патрульдеу жиілігін ұлғайтуға тиіс екенін айтты.
«Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, өрт қаупі жоғары кезеңде адамдарды орман қорының аумағына жібермеу бойынша профилактикалық іс-шараларды күшейтсін. Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен өңір әкімдіктері орман, табиғатты қорғау және өртке қарсы құрылымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстарын белсенді жүргізуі керек. Төтенше жағдайлар министрлігі орман өрттеріне қарсы шұғыл әрекет ету үшін механикаландырылған шолу жүйелерін орнату жұмыстарын жалғастыруы қажет. Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын нақты үйлестіру қамтамасыз етілуге тиіс», — деді Олжас Бектенов.