Өрт қаупі кезеңіне дайын емес елді мекендерге 2 мыңнан астам ескерту берілді
«Ағымдағы жағдайды ескере отырып, барлық мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдар елдің орман және дала алқаптарында жоғары тәуекелге әзір болуы қажет. Талдау көрсеткендей, табиғи өрттің шамамен 40 пайызы табиғи құбылыстардан болады. Ал 50 пайыздан астамы - адам әрекетінің нәтижесі. Осыған байланысты ТЖМ, полиция және әкімдіктер алдында халықтың және ауыл шаруашылығы ұйымдарының өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауын бақылауды күшейту мәселесі бірінші кезекте тұр», - деді бірінші вице-министр.
Оның атап өтуінше, азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзбау және жауапкершілік іс-шараларын сақтау қажеттігі жайында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
«Қазіргі уақытта ТЖМ аумақтық бөлімшелері барлық елді мекенде аудан және ауыл әкімдерінің өртке қарсы іс-шараларды орындағаны туралы облыс әкімдіктерін хабардар ете отырып, тексеру жүргізіп жатыр. Елді мекендердің өрт қауіпі кезеңге әзір еместігі туралы екі мыңнан астам ескерту берілді», - деді ол.