Өрт қаупін төндіріп тұрған 822 нысанды пайдалануға шектеу енгізілді
АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Биылғы жарты жылда өрт қаупін төндіріп тұрған 822 нысанды пайдалануға шектеу енгізілді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.
«Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету, өндірістік және әлеуметтік-мәдени саладағы 20154 нысан өрт қауіпсіздігі қағидалары мен нормаларын сақтау тұрғысында тексерілді. Тексеру барысында өрт қаупін төндіріп тұрған 822 нысанды пайдалануға шектеу енгізілді», - деді министр.
Сонымен қатар 105275 ереже талаптарын сақтамау фактілері анықталды. Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзғаны үшін 15552 адам әкімшілік жазаға тартылды, оның ішінде 14662 лауазымды тұлғаға 168 млн. 975 мың теңге сомада айыппұл салынды. Бұл ретте министрліктің мемлекеттік өртке қарсы қызметі саласы бойынша 147013 нысан бақылауда тұрғанын атап өткен жөн.
Өрт автоматикасымен жабдықталған білім беру нысандарының саны 25%-ға, денсаулық сақтау 22%-ға өсуі өртке қарсы талаптарды күшейтудің нәтижесі болды.
Ағымдағы жылғы 6 айда республика аумағында 108 орман өрті тіркелді, оның аумағы 1581 гектарды қамтыды. Келтірілген залал 10 млн. 155 мың теңге. Бұдан бөлек 1052 дала өрті мен жазықтық аумақтың жануы тіркелді, оның жалпы ауданы - 19 549 гектар.